20
октябрь
2023
Республикалық пәндер олимпиадасының І мектепішілік кезеңі өткізілді
Қай елдің болмасын өсіп-өркендеуі, өнуі, әлемде өзіндік орын алуы оның ұлттық білім жүйесінің қалыптасуына, даму бағытына тікелей байланысты. Сондықтан да, мемлекет басшысы болашақта қазақ елінің көсегесін көгертіп, ғылымын көркейтер деген үмітпен жас дарындарға үлкен назар аударуда, қолдау көрсетуде. Осы орайда қандай да болмасын білім беру мекемесі оқушыларға мемлекеттік білім стандартына сай білім берумен шектеліп қалмай, оларды ғылыми ізденіс жұмыстарға тартып, шығармашылық, дарындылық қабілеттерін дамыту бағытында жұмыс жүргізуі тиіс. Ағымдағы жылдың 20 қазан күні Тұрар Рысқұлов атындағы №20 жалпы орта білім беретін мектебінде Республикалық пәндер олимпиадасының І мектепішілік кезеңі өткізілді. 5-6 сыныптар аралығында өтілген олимпиадаға 102 оқушы қатысты. Олимпиада жалпы білім беру бағдарламасының келесі пәндері негізінде өткізілді: қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ сыныптарындағы орыс тілі мен әдебиеті, математика, жаратылыстану, ағылшын тілі. Олимпиада материалдарын дайындау әдістемелік бірлестік жетекшілеріне жүктелді. Олимпиада қорытындысы бойынша хаттамалар толтырылып, әр пәннен озық шыққан оқушылар іріктеліп, пәндер олимпиадасының аудандық кезеңіне жолдама алды.









